Елімізде мүлдем арақ ішпейтін ауыл бар
Фото: zakon.kz
Ауылда арақ сатылмайтын болғалы бері, отбасылық ұрыс-керіс, қылмыс, шаңырақтың шайқалуы азайған.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылының дүкендерінде арақ пен темекі мүлдем сатылмайды екен. Бұл туралы zakon.kz, Замана газеті жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл аса үлкен емес, бар болғаны 120 шаңырақ пен 1100 тұрғыны, 3 дүкені бар шағын ауыл. Алайда шаңырақты шайқалудан, бір емес, бірнеше адамның өмірін күл-талқан етуден сақтауға септігі тиетін маңызды бастама көтерген.
Тілшінің «Арақ сатуды қалай қойдырдыңыздар?» деген сұрағымызға ауыл биі Әбдуәлі Еркінбекұлы жауап берді.
«Арақ – атамыздан қалған ас емес, – дейді ол кісі. – Барлық жамандық атаулы мен қылмыстың арақтан басталатыны белгілі. Оның денсаулыққа да зияны көп. Осы жағын ойлана келе, біраз қариялар мен мешіттегі жамағат ақылдасып, дүкендерде арақ пен темекі сатылмасын деп бастама көтердік. Ондағы мақсатымыз – салауатты өмір салтын ұстанып, жастардың бойына имандылық ұялату болатын. Мұны ауыл тұрғындары бірауыздан қолдады. Өз басым сөзімізді жерге тастамағаны үшін дүкен иелеріне ризамын. Ауылда ішетіндер жоқ деп өтірік көлгірсімей-ақ қояйын, әлі де бар. Бірақ бұрынғыға қарағанда әлдеқайда азайып қалған. Шынын айту керек, арақты қоя алмай жүрген кешегі кеңестік дәуірде туып-өскендер. Ал кейінгі жастар арасында арақ ішетіндер мүлдем жоқ. Той-томалақты да арақсыз өткізіп жатқан үйлер бар».
Әбдуәлі Еркінбекұлы ауыл биі болғандықтан, кей мәселелерді сотқа жеткізбей шешіп отырады екен. Ол кісі ауылда арақ сатылмайтын болғалы бері, отбасылық ұрыс-керіс, қылмыс, шаңырақтың шайқалуы да азайғанын айтады.
«Бұрын әйелін тойға ертіп апарып, оны біреумен билеп қойдың деп қызғанып, оның дауы сотқа дейін жеткен мәселелер болған, – дейді Әбдуәлі Еркінбекұлы. – Қазір мұндай жағдайлар жоқтың қасы деуге болады. Содан соң ауыл биін кей жерлерде: «Ей, ол анау өзіміздің пәленше ғой» деп өзімсінетіндер, сөзін жүрдім-бардым тыңдайтындар бар. Ал біздің ауылда ондай емес. Тіпті мекеме мен жеке тұлға арасында келіспеушілік болғанның өзінде бірден сотқа жүгінбей, ауыл биіне барайық деп бізге келеді. Ал бидің негізгі мақсаты – екі жақтың арасындағы айтысты әлсірету, екі жақты келісімге келтіру болып табылады. Жіберген қателіктерін бір-біріне түсіндіріп, келісімге шақырамыз. Отбасылық ұрыс-керіс, екі адамның арасындағы келіспеушілікті де реттеп отырамыз».
Жусансай ауылында бұдан бөлек те мақтауға тұрарлық нәрселер көп екен. Ауылдан шыққан Әбдірашит деген кәсіпкер азамат үлкен мешіт салып беріпті. Сонымен қатар, мектепке отыз шақты компьютер әперген. Ал Мақсат деген азамат ауылға үш шақырым жол салып берген. «Отанын сүйетін әр азамат шамасы келгенінше елдің рухани баюына ықпал жасауы керек, – дейді Әбдуәлі ақсақал. – Сонда елде бірлік пен береке, ынтымақ болады».
Арақ сатылмайтын ауылда осындай игі істер атқарылып жатыр екен. Қазір жусансайлықтардың бұл бастамасын Ордабасы ауданындағы бірқатар ауылдар өздеріне енгізуді ойлап жүргенге ұқсайды.
Жалпы, жаман әдеттерге көп болып, жұмыла қарсы шықса, көптің алмайтын асуы жоқ екен. Оған жусансайлық тұрғындардың бастамалары жақсы дәлел.
Г.Тұрарбек
Фото: life-reactor.com
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript