ОҚО-да шаруалар 1,3 млн тонна бақша дақылдарын жинады
Zakon.kz
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 29 мың га артып, 818 мың га құрады.
Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған мереке ерекше аталып өтті. Бұған себепте бар. Өйткені аграрлы аймақтың шаруалары 376,5 млрд теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 57 млрд теңгеге көп. Яғни, диқандар биыл 400 мың тоннаға жуық астықты қамбаға құйса, 116 мың тонна жеміс-жидек пен 919 мың тонна көкөніс, 295 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна бақша дақылдарын жинады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 29 мың га артып, 818 мың га құрады. Сонымен бірге жаңа бастамамен алғаш рет облыста 59 га жерге жаңғақ, 7 га бадамша егілді. Ал тамшылатып суғару әдісі 7,5 мың га ендіріліп, жалпы көлемі 58,5 мың гектарға, жылыжайлар 171 га салынып, жалпы 1 294 гектардан асты. Осынау жетістіктің бәрі өңірдегі еңбекқор шаруалардың ерен еңбегі деп білеміз.Ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері баяндалған мерекеге келушілерді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтап, биылғы жылдың өңір шаруаларына берекелі болғанын атап өтті.
Мұнан соң, аймақ басшысы түрлі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден І орын алған озат аудан, қалаларды атап, арнайы мүсін мен облыс әкімінің сертификаттарын табыстады. Мәселен, астық өндіруде Қазығұрт ауданына ешкім тең келмесе, сүт өндіруден Сайрам ауданы, мақсарыда Төлеби, мақта бойынша Шардара ауданы болса, көкөніс жинаудан Сарыағаш аудандары үздік деп танылды. Ал бақша өнімдерін жинау бойынша мақтаралдықтар көш бастаса, жеміс-жидекте Түлкібас, озық инвестициялық жобаларды іске асыруда Бәйдібек ауданы, тамшылатып суғару технологиясын ендіру бойынша Түркістан қаласы ие болса, «Сыбаға», «Алтын Асық» бағдарламасының орындалуы жөнінен отырарлықтар ерледі.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері де биылғы жылды толағай табыстармен аяқтап отыр. Өйткені өңірде ірі қара мал саны өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға, қой мен ешкі 1 пайызға, жылқы 19,5 пайызға артқан. Өңірдегі мал басының өсуіне «Сыбаға» бағдарламасы да өз септігін тигізіп отыр. Аталған бағдарламамен биылдың өзінде 13 087 бас мал сатып алынса, «Алтын асық» аясында 23 352 бас қой, «Құлан» бағдарламасы аясында 2 366 бас жылқы сатып алынған. Мал басын сатып алуда Оңтүстік өңірі республикада 1 орыннан көрінді. Сондай-ақ биыл облысымызда жаңадан 2 419 шағын бордақылау алаң мен 656 жанұялық сүт және 22 отбасылық құс фермасы, 10 балық шаруашылығы іске қосылған.
Осындай жетістікке жеткен еңбек иелерінің ерлігіне құрметпен қарау мақсатында күзгі мерекені «AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі түрінде айырықша атап өту облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып отыр. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысы аграрлы бағытта қалыптасып, республиканы ғана емес, шетелді де өзінің ерекше өнімдерімен таңқалдырып келеді. Табиғаттың төрт мезгілі тепе-тең сақталып, күн нұрына бөленген өнегелі өлкеде төгілген адал тердің бір тамшысы да елеусіз кетпек емес.
Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript