Досқан Жолжақсынов: Латынға көшіп, өз тарихымызды өзіміз жазатын уақыт келді
Zakon.kz
Бұл реформа біздің көшпенділердің ұрпағы екенімізді, ұлт екенімізді көрсетуге үлкен үлесін тигізеді.
Қазақ тілі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшеді. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осындай жарлыққа қол қойып, Қазақстан тарихындағы ең маңызды қадамдардың бірін жасады, деп жазады sn.kz ақпараттық порталы.
Осы тарихи оқиғаға байланысты зиялы қауым өкілдері бүгіннен бастап жаппай пікір білдіріп жатқаны белгілі. Барлығы да бірауыздан бұл бастаманы қолдайтындарын айтып отыр. Біздің тілшіге сұхбат берген танымал актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досқан Жолжақсынов та латырға көшуден қазақ халқы тек ұтатынын мәлімдеді.
- Досқан аға, бүгін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев латын әліпбиіне көшу туралы жарлыққа қол қойды. Сіз бұл реформаны қолдаймыз ба? Қолдасаңыз не үшін қолдайсыз?
- Латын әліпбиіне көшу - заман талабына сай келешек технология мен коммуникацияның, білім беру жүйесінің негізгі шарттарының бірі. Бұл болашақта пайдасын тигізбесе, зияны тимесі әлімсақтан белгілі. Ағылшын тілін білетін балалардың мүлдем қиналмайтыны анық.
Енді әлемдік классиктердің шығармашылығын, ғылымды түпнұсқадан оқитын дәрежеге жететін шығармыз деп ойлаймын. Баршаға белгілі, біздің тарихымыздың бәрін монғол, қытай, ағылшын, орыс, немістер жазып келді. Өз тарихымызды түгел зерттеп болмадық. Кешегі өткен Бейбарысты арабтар айтпағанда бабаимыз екенін білмес те едік. Енді осындай тарихи мәліметтерді түпнұсқадан оқуға мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Тағы айтарым, бұл реформа біздің көшпенділердің ұрпағы екенімізді, ұлт екенімізді көрсетуге үлкен үлесін тигізеді.
- Аға, өзіңіздің аты-жөніңізді латын әліпбиінде жазып көрдіңіз бе? Әлде бір қиындықтар туғыза ма?
- Ешқандай проблема жоқ. Жап-жақсы жазылады. Ахаңның айтуымен теріс жазуды да таныдық. Ертеректе А.Байтұрсыновтың жазып кеткенін Ататүрік кеш байқадым, мұны бұрын білгенімде басқаша тұжырым жасайтын едім деген екен, ата-бабамыздың аманатына қиянат жасамауымыз керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен латын әліпбиіне көшу реформасы дер кезінде қолға алынып отыр. Енді енгізбесек кеш қалатын едік. Қоңырауды дер кезінде соқтық.
Жас ұрпақ өсіп келе жатыр. Миллиондаған шаршы метр жерді игере отырып, тарихымызды түгендемеу ұлтымызға сын. Рухани азық алмай, ұлтты білдім деп айта алмаймыз. Кезінде біреу айтқан екен, «көп тұғырдан мәдениетті адам жасағаннан гөрі, мәдениетті адамнан қазақ жасау қиын», - деп. Сондықтан, біз бүгін қазақ жасауымыз керек. Қазақша түс көруіміз керек. Тарихты, әдет-ғұрып, салт-сананы жаңғыртпай құндылықтарымызды бағалай алмаймыз. Сонда, мен арқалап жүрген кино өнерінде де «әттеген-ай» деген дүние болмайды. Құдайға шүкір, кәсіпті меңгергендер көп. Голливуддан кем түспейміз. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен тарихымызды түгендемесек енді ұлтымызға сын. Латын әліпбиіне көшу орыс тілді қазақтарымыздың есін жиғызатыны тағы бар. Олай жасау заңдылық.
- Демек, тілге реформа енгізетін жағдайға да жеттік пе ?
- Әрине. Неге жасамасқа?! Қаржымыз бар. Экономикамыз дұрыс. Әлемге беделіміз артты. Қадау-қадау реформалар арқылы танылдық. Латын әліпбиіне көшуден қорықпауымыз керек. Орыс тілін де меңгердік қой. Орыс тілін орыстан артық білеміз. Орыстың өзін таң қалдырамыз. Өйткені, жетпіс жыл орыстың отарында болдық. Тарихымыз жоғалып кете жаздады.
Біз ешкімнен кем емеспіз. Ұрпағымыз ағылшынша сөйлеп тұр. Мектеп жасынан үш тілділікті меңгерді. Енді атқа мініп, тақым қысар уақыт жетті.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Айымхан Әмірбекқызы
Фото: sn.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript