ОҚО-ның үкіметтік емес ұйымдары латын әліпбиіне қатысты дөңгелек үстел өткізді
Zakon.kz
Еліміз қарыштап дамыған тұста, тіліміздің мәртебесін де жадымыздан шығармауымыз қажет.
ОҚО-ның қоғамдық ұйымдары латын әліпбиіне көшуді бір ауыздан қолдайды. Осыған орай, бүгін өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілері дөңгелек үстелде бас қосты. Бірлестік төрағаларының пікірінше, латын әліпбиінің бекітілген нұсқасы заман талабына сай болып табылады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Шәріпбек Жамалбек, ОҚО Азаматтық альянсының төрағасы:
2017 жылдың 26 қазаны Қазақстан үшін тарихи, ел тәуелсіздігінің тарихында алтын әріптермен жазылатын айрықша күн болды. Айтулы күні ұлттық тіл ерекшелігіне негізделген жаңа графика қабылданып, мемлекеттік мәртебесі бар тіліміз үшін серпінді сәт туды. Қарап отырсақ, бұл бастама қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына таптырмас мүмкіндік болып отыр. Әйтседе, қиындықтардың болатыны жасырын емес. Сол қиындықтардың алдын алып, мемлекет басшысы латын әліпбиінің жаңа нұсқасын қоғамдық талқылауға уақыт бере отырып, тиімдісін қабылдады. Ендігі кезең-кезеңімен 2025 жылға дейінгі латын қарпіне көшуге ел болып атсалысуымыз тиіс.
Бектай Орманов, «Нұр Әлем» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Латын графикасына негізделген жаңа әліпбиіге өтуіміз құтты болсын! Елбасының қаулысымен бекітілген қуанышты жаңалықты барлығымыз қуана қабыл алдық. Неге қуанбасқа біріншіден, латын әліпбиі Қазақстан мен дамыған елдердің арасын жалғайтын көпір іспетті. Енді сол мәселені іс жүзінде шешуге кірістік. Тарихи жазба мұраларымызды сүзгіден өткізуге мүмкіндік туды. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен іске асатынын да есте ұстаған абзал. Сондықтан, бұл мәселеде аса көп қиындықтар пайда болады деп ойламаймын.
Данара Саранова, «АSSA» қоғамдық бірлестігінің директоры:
Еліміз қарыштап дамыған тұста, тіліміздің мәртебесін де жадымыздан шығармауымыз қажет екенін ескерсек, латын графикасына негізделген жаңа әліпби нұсқасын көңілге қонымды деп айта алар едім. Сонымен бірге, туыстас түрік халықтарымен да ынтымақтастық мәселесіне оң ықпал етеді деп сенеміз. Бір кездері латын әліпбиі қазақ жерінде қолданыста болған. Оның үстіне, елімізде ағылшын тілін жетік білетін жастар өсіп келеді. Оларға латын әліпбиіне бейімделу аса қиындық туғыза қоймайды.
Фото:www.stanradar.com
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript