Алматылық ұстаздар арасында спартакиада басталды
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен жоғары оқу орны ұстаздарының арасында дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасы басталды. Бұл туралы Қыздар Университетінің Баспасөз орталығы хабарлайды.
Педагогтардың денсаулығын нығайту, спорттық шеберлігін шыңдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы бәсеке 15-19 қаңтар аралығында өтеді.
Спорттың шағын эстафеталар жарысы, арқан тарту, тоғызқұмалақ, волейбол, дартс, шахмат, үстел теннисі және жүзу сияқты сегіз түрінен ұйымдастырылған сайысқа 8 команда қатысып, бақтары мен баптарын сынамақ.
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, жоғары оқу орны арасында салауатты өмір салтын дәріптеуде осы тақілеттес шаралар зор септігін тигізеді.
– Барша азаматтардың денсаулығын нығайту – жарқын болашаққа апаратын алтын сүрлеу десе де болады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне басымдық берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Жалпы білім беретін орта мектепте жан-жақты, дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіліп отыр. Бүгінгі жас ұрпақтың білімді де білікті, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына тікелей байланысты. Сондықтан да болашақ педагог мамандарды даярлайтын ұжымның алдында тұрған басты мәселенің бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, – дейді олар.
Бес күнге созылатын спорт сайыстарының қорытындысы бойынша «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушылар Қыздар Университетінің ректорының Алғыс хаты және Грамотасымен марапатталады.