Шығыста Шәкәрімнің 160 жылдығы аталып өтті
Абай ауданының орталығы – Қарауылда ойшыл, ғұлама, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мереке аясында Шәкәрімнің Ұлы ұстазы Абайға ескерткіш қойылып, жаңа спорттық нысан ашылды. Тойда ата салтқа сәйкес ас беріліп, түрлі ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Бұл туралы zakon.kz Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
-Бүгін Шәкәрімнің 160 жылдық ұлы тойында Абайға ескерткіш қойылуы - бәріміз үшін ортақ қуаныш, бабамызға көрсетілген құрмет, әрі тарихи оқиға, - деп ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов ескерткіштің маңыздылығын атап өтті.
Қоладан құйылған ескерткіштің авторы – жас мүсінші, абайлық Нұрбол Қалиев. Ескерткіштің ашылу салтанатына Абай Құнанбайұлының ұрпағы Манатай Балтақайұлы арнайы шықырылғанын айта кету керек. Сонымен қатар, салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, қоғам қайраткері Хафиз Матаев, жазушы Медеу Сəрсеке, Талғат Кеңесбаев, әнші Кенжеғали Мыржықбай, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина бастаған құрметті қонақтар қатысты.
Бұдан кейін жиналған қауым Шәкәрім ескерткішіне арнайы барып тағзым етті. Тойға келген құрметті қонақтар Шәкәрім баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ал аудандық кітапхана қоры "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Абай әлемі" сериясымен жарық көрген Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармалары және Әміре Қашаубаев туралы ғұмырнамалық еңбектермен толықты. Бұл құнды сый аймақ басшысының тартуы. Мереке аясында заман талабына сай салынған жабық бассейннің ашылу салтанаты да болды. Бассейн күніне 40 адамға қызмет көрсете алады. Бес жолақты бассейннің ұзындығы - 25, ені – 8,5 метр.
Кемеңгер Шәкәрім бабамыздың 160 жылдық мерейтойы Қарауыл төбеде, киіз үйлер қалашығында жалғасты. Шәкәрім Құдайбердіұлының рухына бағышталып құран-қатым түсірілді, алыс-жақыннан келген меймандарға ас берілді.
Бұдан соң Қарауыл төбедегі іс-шаралар ұлттық спорт ойындарына ұласты. Жорға жарыс, тай жарыс, аламан бәйге ұйымдастырылды, «Түйе палуан» анықталды. Кешкісін орталық стадионда «Қаламқас» халық ән-би ансамблі мерекелік гала-концерт ұсынды.