Сана ашықтығы: қош бол, диван!
«Енді бейқам өмір жоқ...». Адамзат аграрлық революция дәуіріне табан тіреген сәттен-ақ терімшілікпен айналысып, айналадағы шөптердің тамырын қазып жеп, жабайы аңдарға тұтқиылдан шабуыл жасап, көшіп-қонып табан тоздыратын кездерге «қош бол» айтты.
Иә, расында аграрлық революция егіншілік пен мал шаруашылығы адамзат баласының алдағы өркениеті мен қоғамдық-әлеуметтік құрылысының бастаушысы болды. Кешегі көшпелі адам отырықшы өмір салтына түбегейлі өткенде бірінші кезекте жерге иелік ету ұғымы пайда болды, артынша феодалдық, басқару, есеп пен графика дамыды. Бәрі де қажеттіліктен. Қазір ХХІ ғасыр – төртінші революция дәуірінде күн кешіп жатырмыз. Мұның бәрі бірден және тегіннен тегін бола салған жоқ.
Расымен адам қалыпты дамудың арқасында адам болды. Төбеден сап ете қалған ештеңе де жоқ. Сонау аграрлық революция дәуірінен кейін қаншама тарихи оқиғалар тізбегі жалғасты, мына 500 миллион шақырым жұмыр Жердің басына нелер келіп, не кетпеді? Сонда да адамның жұтылып кетпеуіне не себеп? Бұл – сананың ашықтығы деп ойлаймыз. Эволюционер, биолог ғалымдар алғашқы адам мен бірте-бірте жетілген саналы адамның миын зерттегенде оның миының көлемі уақыт өткен сайын ұлғайып отырғанын байқаған, бірақ себебін таба алмапты. Адам алғаш рет өз сана түкпіріне бойлай алғаннан бері өзінің қандай тіршілік иесі екенін түйсінген сыңайлы.
Сол сәттен бері Жер бұрынғыдай болған жоқ.
Біз ғұмыр кешіп жатқан жаһандану дәуірінде сананың ашықтығы адам баласына қойылатын ең басты талап. Иә, күнде естіп құлағыңыз жауыр болған шығар, бірақ техника мен ғылымның салтанат құрған шағында онсыз болмайды. Қарапайым қолыңызға күнде ұстайтын смартфонның тетігін білу үшін де сананы іске қоспасқа лаж қалмады.
2017 жылы жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында сананың ашықтығы хақында түйінді ойлар айтылады. Елбасының сөзінше, «көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды».
Қазір ақпарат қақтығысы өршіп тұр. Жан-жақтан ағылып жатқан ақпараттардың санында шек жоқ. Десе де отандастардың бойына ақпарат иммунитетін қалыптастыру өте маңызды. Бірақ бұның олардың азаматтық позициясына еш қатысы жоқ. «Көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алдыратын» әлеуметтік желі, қолыңыздағы компьютер я смартфон сізге қажет білім-білікті де сәйкесінше уақыт тоздыратын небір қасаң қылықтарды да үйретіп жатқаны жалған емес.
Осы орайда тек ошақ қасынан ғана барлау жасап, әр нәрсенің ақ-қарасын бажайламау бірінші кезекте адамның өз бойындағы теріс сана процестерінің жүруіне түрткі болады. Ақпарат қақтығысы, сананың ашықтығы, прагматизм дәуірінде бәріне қажеті ағылшын тілі, ол белгілі. «Ағылшын тілін оқу керек» деген сөйлем мектеп жасынан бері жастардың да миына құйылып келеді, ересектерге де қойылып жатқан талап сол. Енді осыны біраз талдап көрейікші. Әр дәуірде қажеттілікке сай «үстем» тілдер болды. Өткен ғасырларда ол – латын тілі еді. Әсіресе латын тілі Рим империясы тұсында күш алып, барлық іс-қағаздар сол тілде жүргізілді, Еуропадағы Жоғары оқу орындары да латын тілінде оқытты, дипломатиялық қатынастың да кілті осы тіл болды. Әрі шіркеу істері де латынша жүрді. Уақыт өте келе неміс, ағылшын, француз тілдері иық тіресіп, алға шыға бастады. Лингвистикалық деректерге сүйенсек, өткен ХХ ғасырда бұл үш тілдің өзара бәсекеге түскен кездері де болған. Бұл тілдер әлі күнге дейін халықаралық қатынаста маңызды саналады.
Тіл бірінші кезекте коммуникация құралы. Осы орайда ағылшын тілін меңгеру адамзатқа «нан сұрап жей алу» деңгейінен ғылымның ұшпағына шығу деңгейіне дейін жеткізеді. Әрине, адамның тіл үйренудегі мақсаты не сәйкесінше соған қызмет етеді. Елбасы өз мақаласында «Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей.Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты», - деген ой айтады.
Сананың ашықтығына бірінші кезекте әсер ететіні – тіл екенін ұғындық. Десе де жас өскіндерге тіл үйретуде өзіне тән педагогикалық әдіс-тәсілдерге сүйенген жөн. Адамның ана тілі оның отбасы қай тілде сөйлейтініне қарай айқындалады. Жалпы лингвистер, ғалымдар бір тілдің екінші тілден артық-кемі жоқтығын алға тартады. Тіпті бір тілде он адам сөйлесе де ол тілдің өз мәртебесі бар. Себебі тіл бірінші кезекте ол сол ұлттың мәдениеті мен руханияты. Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөзі де осындай көрегендіктен туса керек. Бір тіл екінші тілдің есебінен жүргізілмеуі, бір тіл екінші тілдің қалыпты дамуына кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл тілдің дамуы емес, онда экспансиясы саналады. Осындай ғарыш жылдамдығымен дамып жатқан дәуірде өз ұлттық мұраңыз бен құндылығыңызды сақтау сәйкесінше, ашықтыққа жол ашып, үйреніп-жиренудің қыр-сырын білу қажет-ақ. Сананың ашықтығы ол өзге мәдениеттерді биікке көтеріп, өз мәдениетіңізді оның алдында жығып беру деген сөз емес. «Бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі.
«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі», - дейді Елбасы.
Жапония мен Қытай демекші, қазір әлемде алпауыт компания саналатын америкалық Apple-ды бар жаһан біледі. Себебі, өте сапалы өнім шығарады. Десе де іргеміздегі Қытай мен Қиыр Шығыстағы Жапония да қалысып жатқан жоқ. Қытай Huawei компаниясын алға шығарса, Жапонияда Sony компаниясы бой көтерді. Жыл сайын смартфонның қай түрі қайсынан озық шығады екен деген бәсеке пайда болды қазір. Үлкен-үлкен залдарда өз смартфондарының артықшылығын таныстыруда Америка, Қытай, Жапония, Корея болсын аянып қалып жатқан жоқ. Бұл – сананың ашықтығы. Әйтпесе, сіз бен біз өткерген өркениет сатыларын, соғыс зұлматтарын, экспансияларды бұл ұлттар да өткерді. Бірақ етек-жеңді дереу жинап, қазір техника алыбы болуға ұмтылуда. Бұл орайда Елбасының «Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады», - деген сөзі бұған тұздық болғандай. Мемлекетте ғылымның дамуы үшін бірінші кезекте үкіметтің жұмысы сарапқа салынады. Дұрыс қаражаттың бөлінуі, оның діттіген мақсатқа жетуі, дарынды жастарды қолдау, оларға жағдай жасауы. Жақсы жағдай жасалса, сондай өнім алынады.
Оның әйгілі Google компаниясының қызметкерлері де мойындайды. Ғылым үлкен ізденістерді қажет етеді. Бастысы ол өркениет жасайды. Өткен дәуір де, қазір де жалғасып жатқан ірі ғылыми жаңалық ашқан ғалымдар еврей ұлтынан шыққан. ХХ ғасырда басынан ірі геноцид өткізген бұл ұлттың өзін-өзі дереу жинап, қазір жетекші елдердің біріне айналуы үлгі емей немене? Ұмытылып кете жаздаған тілдеріне он-ақ жылда реформа жасап шыққан ұлттың өз руханиятына деген жанашырлығы осыдан көрінеді.
Сананың ашықтығына түрткі болар тағы бір қозғаушы күш бұл - келер ұрпақ. Саналы ұрпаққа саналы түрде білім берілуі керек. Ол үшін білім беретін инститтуттардың ішінара жүйесі түзелуі тиіс. Ал түзелу үшін соны жасайтын жандарда өзара пікірталас, өзара кокостар жүргізілуі керек. «Иә, иә» деп мақұлдай беруде қозғалыс болмайды, ал қозғалыстың жоқтығы дамудың жоқтығына үлкен дәлел. Тізе берсеңіз, мәселе таусылмайды. Бірақ шешім қашан да бар. Ғылым сананың ашықтығын туады. Ал санасы ашық ұрпақ тәрбиелеуде әр отбасының жүгі нар түйенің жүгінен кем емес. Адамға тек отбасылық, ұлттық құндылықтарды дәріптеу аздық етеді, адамзаттық құндылықты сіңіру керек. Қаритада тек біздің ғана мемлекет бар емес, біз де Жер атты планетадан өзіміге тиесілі аумақта күн кешіп отырған өзге 7 миллиард тұрғынның біреуіміз. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абайдың бір ауыз сөзінен асырып айталмаспыз. Осы себептен «пульт пен диванға» қош айтып, білім мен ғылымға, мәдениет пен өркениетке есік ашатын кез келді. 2000 жылдары қолға алғаш Nokia ұстағанда бұл туралы ойламаған боларсыз?.. Ал Apple ұстаған сәттен бастап адам ұлы революциялар жасауға қабілетті екеніне не дәлел керек?