2016 жылдың жарты жылдығында учаскелік инспекторлар отбасына зорлық-зомбылық көрсеткен 2474 азаматты арнайы тіркеуге алып, қорғау ұйғарымын шығарған. Нәтижесінде заң талаптарын орындамаған 59 бұзақы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Bnews.kz тілшісінің сауалына жауап берген ҚР ІІМ Астана қаласы ІІД мемлекеттік мекемесінің жергілікті полиция қызметі мәлімдеді.
«2016 жылдың жарты жылдығында Астанада отбасындағы зорлық зомбылыққа қатысты 2474 дерек тіркелді. Нәтижесінде учаскелік инспекторлар құқық бұзған адамдарды профилактикалық есепке алып, қорғау ұйғарымын шығарды. Алайда, заң талабын орындамаған 59 құқық бұзушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабына сәйкес (Қорғау нұсқамасын бұзу) заң алдында жауапкершілікке тартылған», - делінген ресми жауап хатта.
Айта кетейік, полиция қызметкерлері бекіткен қорғау нұсқамасы бойынша әйеліне зорлық көрсеткен азаматқа белгіленген уақыт аралығында жұбайын іздеуге, аңдуға, оған баруға, ауызша және телефонмен сөйлесуге, басқа да жолдармен байланысқа шығуға тыйым салынады. Егер ол осы талаптарды орындамаса, 5 тәулікке дейінгі мерзімде әкімшілік қамауға алынады.
Естеріңізге сала кетейік, 28 маусымда Бас прокуратурада өткен тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына арналған ведомствоаралық кеңесте Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықовада осы мәселеге қатысты өз ойын білдірген.
«Өткен жылы мұғалім Светлана Сəдуованы күйеуі өртеп жіберген болатын. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сондай-ақ, танымал продюсер Баян Есентаеваға қатысты оқиға отбасындағы зорлық-зомбылық мəселесін ашық көрсетті. Сондықтан осы мəселе бойынша елімізде қабылданған заңдарға өзгерістер енгізу жағын қарастыру керек», - деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар, Гүлшара Әбдіхалықова осы мәселеге қатысты қабылданған заң баршаға түсінікті болуы қажет екенін ерекше атап өтті.
Фото:novostink.ru