Қайтыс болған Александр Сивактың қызы арызданғаннан кейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылының емханасына облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.
Бұған дейін ер адам ауылдағы емхана дәрігерлерінің кінәсінен көз жұмғаны туралы айтылған болатын. Марқұмның қызының айтуынша, дәрігерлер Александр Сивактың лидокаинге аллергиясы бар-жоғын тексермеген.
«Басқарма оқиғаның мән-жайынан хабардар. Бүгінгі таңда арнайы комиссия құрылып, Бәйтерек ауылындағы емхананы тексеріп жатыр. Аталған мекеме дәрігерлерін кінәлай да, ақтай да алмаймын, оған құқым да жоқ, өйткені тексерудің нәтиижесі екі күннен кейін белгілі болады. Қызметтік тексеру жүргізіліп жатқандықтан, барлық қорытынды комиссия жұмысы аяқталған соң жария етіледі. Бүгін комиссия барлық құжатты алып кері оралады, осыдан соң басшылыққа баяндайтын боламыз», – деді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің басшысы Гүлнәр Жүнісова.
Ол сондай-ақ комиссия келген бойда басқарма басшылығы тәуелсіз мамандарды жұмылдыра отырып, консилиум өткізетінін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Еңбекшіқазақ ауылындағы Бәйтерек ауылының тұрғыны Александр Сивак жөтел қысып, тыныс алу жолдарының қабынуы асқынып, жергілікті емханаға көрінуге келген. Туыстарының айтуынша, емхананың медбикесі науқастың лидокаинге аллергиясы бар деген ескертуіне қарамастан, оларды сыртқа шығарып жіберген. Арада бірнеше минут өткенде предмедазол қажет болып, аталған дәрі мекемеде болмай шығады. Марқұмның жұбайы дәріханадан тездетіп дәрі әкелгенше, кеш еді. Көмек сұрап аласұрған науқас сол жерде жан тапсырды.
Фото: report.az