БҚО-да дауылдан екі ауыл зардап шекті

Новенький ауылында табиғаттың мінезінен балабақша зиян шекті. Ғимараттың үстіне үлкен ағаш құлаған.

Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданында екі ауылға дауылдан келген шығынды анықтайтын арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды BNews.kz. Қатты жел Жайық және Новенький ауылдарында үйлердің, балабақша мен мектептердің шатырларын жұлып әкетті. Сондай-ақ табиғаттың дүлей мінезі электр желілеріне зақым келтірді.

20 минутқа ұласқан дауыл метал қоршауларды, шатырларды қаңбақша ұшырды. Жайық ауылының тұрғындары екі күн бойы жарықсыз отыруға мәжбүр болды. Тұрғындар ондаған үйге зақым келгенін айтуда. Қазір жергілікті тұрғындар ТЖД, ТКШ және Қазгидромет қызметкерлерінен құрылған комиссияның шығынды есептеуін күтіп отыр.

«Үйдің шатырындағы терезелер сынды. Қатты жел метал жабынды жұлып, үйдің кірпішін құлатты. Біз атқарушы органдардың көмегіне иек артып отырмыз», – деді Жайық ауылының тұрғыны Гуля Бейсенова.

Новенький ауылында табиғаттың мінезінен балабақша зиян шекті. Ғимараттың үстіне үлкен ағаш құлаған.

«Сол сәтте балабақшада ешкім болған жоқ. Терезелер шағылып, бейнебақылау камерасын жұлып түсірді. Кіреберіс пен балалар алаңы қирап қалды», – дейді балабақшаның шаруашылық меңгерушісі Галина Скалозуб.

Осыншалық зиянның бәрі желдің кесірі екенін енді комиссия анықтауы тиіс.

«Біз смета жасауымыз керек. Комиссия қазір осымен айналысып жатыр. Тұрғындарға қандай көмек көрсететінімізді шешетін боламыз. Ақшамен немесе құрылыс материалдарымен көмектесуіміз мүмкін», – деп мәлім етті БҚО Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев.

Ал тұрғындар болса, баспанасыз қалмас үшін дауылдың зардаптарын әзірше өз күштерімен жоюда.

Фото: BNews.kz.


Следите за новостями zakon.kz в: