73 жылдан кейін солдаттың сүйегі еліне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлы Отан соғысы жылдары Украинаны азат етуде Алматы облысынан Сатыбалды Мұхамадиұлы да аттанған еді. Алғашқыда хат жазып, соңынан хабарсыз кеткен оның суйегі енді табылды.
Бүгін Ұлы Отан Соғысында жастай қыршын кеткен Сатыбалды Мұхамадиұлының сүйегін туған топырағына тапсыру алдындағы қаралы митингі өтті. Жиынға марқұмның туыстары да арнайы қатысты.
«Сатыбалды атамыздың сүйегі табылды дегенде өте қатты қуандық. Тіріліп келгендей әсер алдық. Биылғы жылғы іздестіру нәтижелі аяқталып, Сатыбалды атамыздың сүйегі табылып туған жеріне қайтарылып отыр. Осы атамыздың сүйегін іздестіріп, табуға өз үлесін қосқан барша ағайынға отбасымыздың атынан алғысымызды білдіреміз»,- деп Сатыбалды Мұхамедиұлының туысы Гүлсім Ысқақова өз ризашылығын білдірді.
Бүгін Сатыбалды Мұхамадиұлының сүйегі туған жері Ескелді ауданы, Жалғызағаш ауылында жерленді.
Мұхамадиев Сатыбалдының сүйегі Украинаның Киев облысы, Ивановск ауданынан табылды. 2016 жылы 10 шілдеде «Украина іздеу жасақтарының Одағы» іздеу отрядының жұмыстары нәтижесінде мүмкін болды. Қазақ жауынгері 1943 жылы Украинаны азат етуде ерлікпен қаза тапқан.
Мұхамадиев Сатыбалды 1925 жылы Жалғызағаш ауылында қызметкер жанұясында дүниеге келген. Әкесі Мұхамади Рудникте электрик қызметін атқарған. Анасы - Бибі үй шаруасымен айналысқан. Өзімен бірге туған ағасы Мұхамедқали 1909 жылғы, қарындасы Жұматай 1927 жылғы.
Совет Армиясының қатарына 1942 жылы тамыз айында алынып, №89 бөлім командирінің қарамағында №71780 эшалонымен соғысқа аттанды. Осы эшалонда кеткендердін тізімінде аудандық военкоматтың дерегі бойынша 1924 жылы туған деп көрсетілген. Демек Сатыбалды жасына бір жыл қосып айтқан. Әскерге шақырылғандардың тізімінде Мұхамадиев Сатыбалды 1925 жылы туған деп көрсетілген. Қарындасы Жұматай мен анасы Бибі Сатыбалдының екі рет аудан военкоматына барып соғысқа сұранып кеткенін айтқан. Ол кезде бауыры Мухамедқали соғыста болған. Соғыстан жарақат алып бір қолынан айырылған бауыры ауылға қайтып келгенде Сатыбалды соғысқа аттанып кеткен. Ағайынды бауырлар осылайша бірін бірі көрмей қалды. 1943 жылдың күзіне дейін Сатыбалдыдан келген хаттар жауға деген ыза-кекке толы еді. Жауынгерден келген соңғы хат, Днепр өзенінен өткелі тұрмыз көпке дейін хат жазуға мүмкіндік болмас делінген еді. Себебі фашистердін бетін тойтарып, елді мекенді қайтару қан төгіссіз болмайтыны бәріне белгілі болатын. Осы хаттан кейін еш хабар келмеген. Соғыс біткеннен кейін екі қайтара іздеу салғанда екі ретінде де хабарсыз кеткен деген жауап келді.
Фото: www.inform.kz