Конференция барысында ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан апаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Ал жаңа төраға өзіне жүктелген сенім үшін алғысын білдіріп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен облыстың дамуына үлес қосуға да партия белсенді түрде атсалысатынын жеткізді.
Ширек ғасырда еліміздің қол жеткізген жетістігінің баршасында халықтық партия – «Нұр Отан» партиясының үлесі зор екенін айтқан Оңтүстік Қазақстан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Қыстауов атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» бағдарламасы және партияның бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыру бойынша мақсатты да нәтижелі жұмыстар жүргізіп келген.
Айта кетейік, облыстық партия филиалының есебінде 110903 партия мүшесі бар, олар 328 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Сондай-ақ, есепті кезеңде жаңадан 40 бастауыш партия ұйымы құрылды. Партия қатарын лайықты азаматтармен нығайту мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде есепті кезеңде партия қатарына жаңадан 28939 азамат қабылданып, облыстағы партия мүшелерінің саны 24758-ге артты. Ал «Жас Отан» жастар қанатының облысымызда 11 аудандық, 4 қалалық бөлімшесі болса, оларда жалпы саны 23 341 мүшесі бар.
Жиында сондай-ақ, Саяси кеңес бюросының жаңа құрамы бекітіліп, бірқатар нақты міндеттер жүктелді.
Фото: ontustik.gov.kz