Ақтөбедегі барлық жеке балабақшаларға тексеріс жүргізілетін болды. Тексеріс құрамында білім басқармасының мамандарымен қатар, ардагерлер мен билік партиясының мүшелері де бар. Бұл туралы Aktobenews.kz хабарлайды.
«Ақтөбенің жеке балабақшаларын арнайы құрылған жұмыс тобы тексеретін болады. Алдағы аптада қаладағы жеке балабақшаларға арнайы құрылған жұмыс тобы мониторинг жасауды жоспарлап отыр. Жұмыс тобының қатарына білім бөлімінің мамандарымен бірге еңбек ардагерлері және «Нұр Отан» партиясының мүшелері кіреді. Жұмыс тобының құрылуына себепші болған «Құлыным» жеке балабақшасы басшылығының үстінен ата-аналардан түскен арыз», — деп хабарлайды білім басқармасының баспасөз қызметі.
БАҚ беттерінде шу болған балабақша жағдайынан білім бөлімі де хабардар.
«10 тамызда Ақтөбе қаласының білім бөліміне жеке қабылдауда болған қала тұрғыны Айгерім Шағамбаева «Құлыным» жеке балабақшасына қатысты шағым айтты. Оның айтуынша, балабақшада балалар жерде ұйықтап келеді, тамақтану жағынан да кемшіліктерін байқаған. Мамандар ата-анаға шағымды жазбаша түрде арыздануын сұрады. 11 тамызда «Құлыным» балабақшасының құрылтайшысынан түсініктеме алынып, алайда жұмыс орнында талапқа сай қызмет көрсетілмеуіне байланысты қалалық білім бөлімімен мекеменің келісімшарты бұзылатынындығы туралы ескерту хат берілді. Сонымен бірге, білім бөлімі тарапынан қызметтік тексеріс ашуға рұқсат алу үшін қалалық прокуратураға хат жолданды», — дейді білім бөлімінің баспасөз қызметі.
Осы аптада прокуратураның арнайы рұқсатымен Ақтөбе қаласындағы барлық жеке балабақшалар тексерілетін болады.
Фото: aktobenews.kz