Қызылордада тастанды қарттар қатары көбейді

Шарасыз жандар бұл жерді 2-6 ай аралығында паналайды.
Қызылордада егде тартқан ата-анасынан безінгендер көбейді. Соңғы 2 айдың өзінде жалғыз қалған 4 әжей «Қамқорлық» дағдарыс орталығын паналап келген, деп жазады Хабар 24 арнасы.

Оның екеуі – тыл ардагері. Бірінің баласы тіпті анасын қалдыратынын айтып, нотариалды түрде рәсімдеген.

Ауыр еңбектің табы, марапат алған жарқын шақтарды мына ескі суреттер еске түсіреді. Тыл ардагері Тамара Иванқызы сонау 1941 жылы 15-жасынан бастап, соғыста жараланғандарды тасымалдау, емдеу жұмыстарына араласты.

Аштықты еңсерді, бет қарыған аязда тынбай еңбек етті. Барлық бейнет ұрпақ болашағы үшін еді. Ал қазір 90 жастағы қария өзі мәпелеп өсірген балғындарына керексіз жағдайда.

Тамара Иванқызы ең болмаса қарттар үйіне де орналаса алмай әлек.

Тамара Подскребаева, тыл ардагері:

- Сенен әбден мезі болдым деп қызым сырт айналды. Бойымда қуат барда соғысты өткердік, қазір дымға шамам келмейді. Қызым жұмысқа кетеді, мен жалғыз үйде қаламын. Ас-суымды қамдайтын ешкім жоқ. Сол себепті қарттар үйіне орналасқым келеді. Бірақ ол жақ мені алмады. Мен елді, жерді қорғауға қызмет еттім, енді ең болмаса мемлекет өз қарауына алса екен.

Жандос Тұсмағамбетов, «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры:

- Бір қарт кісінің туған қызы яғни нотариалды түрде өзінің анасынан бас тартып отыр. Қазіргі кезде біз мынау Қызылорда қалалық сотына арызданып отырмыз. Яғни осы ата-ананың әрекетсіздігін тану туралы. Сот процесінен кейін біз ол кісіні қарттар үйіне орналастыратын боламыз.

Қазір Тамара әжей соттың шешімін күту үстінде. Қариямен тағдырлас 87-жастағы Зағипа Бимаханова мен бес баланың анасы Төлеш Құйрықбаеваның да тасбауыр балалары теріс айналып кеткен.

Төлеш Құйрықбаева, қала тұрғыны:

- Оларды тудым, қақтым оны міндет қылмаймын мен міндет қылмаймын. Бірақ шамалы ойлану керек қой. Бұл қыздарды оқыттым, бәрін байға бердім, қалған өмірімде әйтеуір қаңғымайтын шығармын, халық бар ғой, бірнәрсе қылар деп отырмын.

Жандос Тұсмағамбетов,«Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры:

- Рухани және психологиялық күйзеліске ұшырауына байланысты қазіргі кезде мамандар, психологтар және де ата-аналармен жұмыс жасап жатырмыз. Олардың қыздарымен жұмыс жасап жатырмыз. Бұлар әлде де болса уақытты қажет ететін шаралар.

«Қамқорлық» дағдарыс орталығына жыл сайын жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге бөлінеді. Шарасыз жандар бұл жерді 2-6 ай аралығында паналайды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Фото: 24.kz

Следите за новостями zakon.kz в: