Алматыда қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан бандылар құрықталды. Өзгенің мүлкін оңай олжалап кетуді әдетке айналдырған қаскөйлер арам істерімен жарты жылдай айналысқан, деп жазады Алматы телеарнасы.
Қулығына құрық бойламайтын ұрылар машиналарды қырғыз еліне шығарып сатып отырған көрінеді. Олардың әлі күнге нақты қанша көлікті қолды қылғаны белгісіз.
Жапон машиналарын ұрлаған бандылардың саны бесеу. 23 пен 34 жас аралығындағы күдіктілердің екеуі Алматыға Тараздан келсе, қалғаны Шымкенттен жеткен. Жалпы Алматыда ұрланған көліктердің көбі табылмайды, қылмыс ашылмайды екен.
Қылмысты аша алмай, аяқсыз қалдыратын полицейлерді сынға алған прокурорлардың айтуынша, саймандардың ұрланған ескі көліктердікі екенін біле тұра сатумен айналысқан базардағы сатушылар да жауапқа тартылған.
Жалпы биылдың өзінде ел аумағында 1300 көлік қолды болыпты. Алматы көлік ұрлану жағынан ТМД елдері ішінде 3-ші орында тұрса, ел аумағы бойынша 1-ші орында.
«Қалада соңғы уақыттары автокөліктерді ұрлау күрт артқан. Биылдың өзінде қалада 164 көлік ұрлау дерегі тіркелген. Қылмыстың 83 пайызы аулада, көлік жөндеу орталықтарында, көлік жуу мен автотұрақтарда болған. Оқиғаның көбі түнде орын алады», - деді қала прокуратурасының басқарма басшысы Жарқын Құсайынов.
Фото: www.avtovzglyad.ru