Кәсібіңізді заңдастыруға асығыңыз. Алматы базарларында жаппай тексеру жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік кірістер департаменті мамандары сатушылардан олардың жеке кәсіпкер ретінде тіркеуі және бақылау-кассалық аппараттың бар-жоқтығын қарап жүр, деп жазады Алматы телеарнасы.
Тақырыптық тексеріс. Кассалық аппараттың бар болуы. Сосын мемлекеттік органға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары тексеру жұмысын Алатау ауданындағы Өжет базарынан бастады. Дегенмен, сатушылар оларды күтпеген болуы керек. Құжаты мен бақылау кассалық аппаратын көрсету түгілі сауда орындарын жауып тастапты. Десе де, араларында қызметін заңды атқарып жүргендері де бар.
Көлеңкелі экономикамен күрес шарасы өткен айда бастау алған. Түсіндіру жұмысы 2018 жылдың аяғына дейін жалғасады. Жүргізілген мониторинг заң бұзушылықтың басым бөлігі базарларда тіркелетінін көрсеткен. Мұндай орындарда кәсібін дөңгелетушілер табысын кемітіп көрсетеді, жалдамалы қызметкерлер санын жасырады, бақылау кассалық аппаратын қолданбайды, ең бастысы бизнесін тіркемей қызмет етеді. Тіпті кейбірі мұндай олқылықты жария қылмау үшін пара да ұсынған.
«Жақын арада біздің инспекторларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу болмағандықтан, 20 мың теңге қолма-қол ақша болған сол үшін ұсталынған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл жерде айтатынымыз салық төлеушілерге ондай іс-әрекетке бармауын сұраймыз және айыппұлдың сомасы берген ақшаның 20 есе көп болмаса үш жыл бас бостандығынан айырылады»,- деді Алматы қаласы МКД түсіндіру басқармасының басшысы, Заңғар Шындали.
Қыркүйек айынан бері 182 азамат кәсібін заңдастырған. 177 бақылау-кассалық машина және 277 жалдамалы қызметкер тіркеуге алыныпты. Сондай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген бір азамат анықталыпты. Оның құны 31 миллион теңге тауары тәркіленіп, іс сотқа жолданған.
«Тұрғындардан чек бермеген болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, болмаса жалған алкогольді өнімдерді сататын болса, бізде қазір науқан жүріп жатыр департаментке келіп арызданса болады»,- деді Алматы қаласы МКД түсіндіру басқармасының басшысы, Заңғар Шындали.
Жалпы Алматы қаласында 160 мыңға жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Соның ішінде жұмыс істейтіні 106 мыңнан асады. Оның басым бөлігі Әуезов ауданында орын тепкен. Аудан бойынша олардың қатары 18 мың.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов
Фото: amazonaws.com