Ақтөбе облысында жол-көлік апатынан екі ересек адам жараланып, екі бала қаза тапты
Ақтөбе облысы ІІД баспасөз қызметі 9 шілде күні таңғы 4-те Белқопа ауылының маңындағы Қарабұтақ-Хромтау автожолында жол-көлік апаты болғанын хабарлады. 33 жастағы Хромтау тұрғыны, «Фольксваген пассат» автокөлігінің жүргізушісі, жыраға түсіп кеткен, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
Ауыр жарақат алған сегіз және бір жастағы екі қыз Әйтеке би ауданының ауруханасында қайтыс болды. Тағы бір қыз бала басынан жарақат алып, көптеген жері сынған. Оны санавиация көмегімен облыстық балалар ауруханасына алып кетті. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жол апатынан зардап шеккен тағы бір бала 10 жаста. Оның жағдайы қанағаттанарлық, жабық бассүйек-ми жарақатын алған және туыстары Хромтауға емдеуге алып кетті.
Санавиация Әйтеке би ауданы ауруханасынан облыстық жедел жәрдем ауруханасына екі ересек адамды - 33 жастағы жүргізуші мен 34 жастағы жолаушыны алып келді. Олардың жағдайы өте ауыр, жарақаты да өте көп. Дәрігерлер еш болжам жасай алмай отыр.
Дәрігерлердің хабарлауынша, қайтыс болған қыздар мен ересек жолаушылар - бір отбасы мүшелері. 10 жасар ұл - жиендері.
Мәліметтер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Медициналық сараптама нәтижесі жүргізушінің сау болғанын көрсетті.
Фото:vesti.dp.ua