Павлодарда сауда нүктелерінен 19302 шөлмек арақ тәркіленді
Павлодар облыстық мемлекеттік кіріс департаменті жеті ай ішінде сауда нүктелерінен 19302 шөлмек арақ тәркіледі, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік кіріс департаменті акциздеді басқару бөлімінің басшысы Асхат Қарғесеков рейд барысында Мир көшесі, 50 және 52 мекенжайларындағы көтерме сауда нүктелерінде рұқсаттама құжаттары жоқ литрлік пластикалық шөлмектерде арақ сатылатыны туралы айтты.
- Негізі пластикалық шөлмектерде күштілігі 15 градустан аспайтын сусындар ғана құйылады. Ал арақ 40 градустық сусын. Сондықтан оны мұндай шөлмекке құюға тыйым салынған. Өкінішке орай, дүкендердің иелері жиі ауысып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке бірнеше рет қана тартылады, - деді Асхат Қарғесеков.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, жеті айдың ішінде 77 әкімшілік іс қозғалып, сауда нүктелерінен 9 миллион 496 мың теңгені құрайтын 19302 шөлмек арақ тәркіленді. Айта кетерлігі, тәркіленген алкогольді сусын тексерістен өтіп, қайта сатылады немесе жойылады.
- Шілде айында қызметкерлеріміз Баянауыл ауданында тексеріс жүргізді. Осы ауданға келетін демалушылардың саны көп. Сондықтан адамдардың арақтан улануын алдын алу үшін және контрафактілік өнімнің сатылмауын қадағалау керек. Осылайша, бұл жерде 12 әкімшілік іс қозғалды, - деді Асхат Қарғесеков.
Фариза Қазыбекқызы
Фото: news.mspravka.info